«Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің табиғатты қорғау жүйесіндегі археологиялық, тарихи және киелі нысандар болып саналатын петроглифтерді, қорғандарды және қасиетті жерлерді кешенді зерттеу» ғылыми-зерттеу жұмысы аясында жоспарға сәйкес ҒЗЖ жауапты орындаушылары Р.Нургожанов, Ж.Нургожанова және А.Шатырбаева Жетісу облысының Ақсу және Сарқан аудандарындағы Суықсай, Баласаз, Ақтөбе және Аманбөктер ауылдық округтерінде далалық зерттеу жұмыстары жүргізді.
🔍Зерттеу барысында жергілікті тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, археологиялық, тарихи және киелі мұра нысандары туралы мәліметтер жинау мақсатында 300-ге жуық үнпарақ таратылды.
Сонымен қатар, зерттеудің сапалық әдістерінің бірі ретінде археолог, тарихшы және өлкетанушы Ербол Тоғызбаймен сұхбат (интервью) жүргізілді. Сұхбат барысында өңір аумағындағы археологиялық ескерткіштердің орналасуы, тарихи-мәдени маңызы, зерттелу деңгейі және оларды сақтау мәселелері жөнінде құнды мәліметтер алынды.
Алдағы кезеңде таратылған үнпарақтар негізінде жергілікті тұрғындар арасынан зерттеуге қатысуға ниет білдірген азаматтармен сұхбаттар жүргізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар өңірдегі тарихи-мәдени және киелі мұра нысандары туралы қосымша деректер жинауға және олардың жергілікті халық жадындағы орнын анықтауға мүмкіндік береді.