Бүгін Астана қаласындағы Министрлік үйінде 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев экологтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау жолындағы елеулі еңбегін ерекше атап өтті.
Мерекелік жиын аясында табиғатты қорғау ісіне белсенді атсалысып жүрген жас ұрпақ өкілдері де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен «Жетісу облысы білім басқармасының Сарқан ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Теректі орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 11-сынып оқушысы, «Эдельвейс» мектеп орманшылығының белсенді мүшесі Жанатай Самал Жанатқызы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл марапат Самалдың табиғатты қорғау, орман байлығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы белсенді еңбегінің нәтижесі болып табылады. Ол мектеп орманшылығының жұмысына тұрақты қатысып, түрлі экологиялық акциялар мен жобаларда белсенділік танытып келеді.
Самалды жоғары марапатымен құттықтап, алдағы уақытта да табиғат жанашыры ретінде толағай табыстар тілейміз!


