Тендерге қатысу шарттары (ұзақ мерзімді пайдалануға арналған)
Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының шетел қатыспайтын заңды тұлғаларына тендерге қатысуға рұқсат беріледі.
23. Тендерге қатысушы мынадай құжаттарды (мемлекеттік немесе орыс тілдерінде):
1) лоттар көрсетілген тендерге қатысуға арналған еркін нысанда тендерлік өтінімді;
2) заңды тұлғалар үшін – жарғының және заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмесі, жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) техникалық ерекшеліктерді (ерекшеліктерге, жоспарларға, сызбаларға, эскиздерге қоса, ұсынылатын жұмыстардың және қызметтердің техникалық сипаттамаларын);
4) жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын құруды және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдай жасауды ескере отырып, мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерінің, сондай-ақ оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсынылатын қызметтер мен жұмыстардың тізбесін;
5) объектілерді салуға жеткілікті қаржылай қаражаттың болуы және (немесе) қарыз қаражатына қолжетімділік және (немесе) тиісті материалдық және еңбек ресурстарының болуы туралы құжаттар. Қаржылай қаражаттың болуы тендерге қатысу үшін ұсынылған сәтке дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей екінші деңгейдегі банк берген анықтамамен расталады. Тендерге қатысушы жобаның қаржы-экономикалық моделіне қоса, жобаның бизнес-жоспарын қоса береді;
6) құрылыс объектілерінің болжанып отырған эскизін (эскиздік жобасы);
7) табиғи кешендерді туристік және рекреациялық мақсаттарда, туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді пайдаланғаны үшін ұсынылатын бағаны ұсынады.
Тендерге қатысуға өтінімді өтінім беруші тігілген түрде, беттерін нөмірлеп ұсынады және соңғы беті оның қолымен расталады.
