Марал – Орталық Азияның таулы ормандарында, соның ішінде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында мекендейтін бұғылар тұқымдасының ең ірі әрі айбынды өкілдерінің бірі. Бұл әсем де сымбатты жануар денесінің ірілігімен, ұзын аяқтарымен және сәнді тармақталған мүйіздерімен ерекшеленеді.
Бір қызығы, мүйіз тек аталық маралдарда болады және олар жыл сайын мүйіздерін толық түсіріп, орнына жаңасын өсіреді. Жаңадан өсіп келе жатқан жас мүйіздері пант деп аталады. Олар қан тамырларына бай, жұмсақ әрі барқыт тәрізді терімен қапталған. Өсу барысында мүйіздері қатайып, барқыт тәрізді тері жамылғысы біртіндеп түседі. Ірі аталық маралдардың мүйіздерінің салмағы 10–15 келіге дейін жетуі мүмкін.
Табиғи ортада маралдар шамамен 15–20 жыл өмір сүре алады, алайда олардың өмір сүру ұзақтығы мекендеу жағдайларына байланысты.
Күзгі күйек кезеңінде маралдар тау аңғарларына алысқа таралатын қатты әрі созылыңқы дауыс шығарады. Осылайша аталықтары аналықтарын өзіне тартып, қарсыластарына өздерінің бар екенін білдіреді.
