Skip to content
Жаңалықтар Бұйра лалагүл

Бұйра лалагүл

  • by
БҰЙРА ЛАЛАГҮЛ

 

Lilium martagon L.

Лалагүлділер тұқымдастығы – Liliaceae

Санаты. II категория. Сирек түр.

Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Плейстоцендік реликт. Көпжылдық өсімдік, сабағы биік (60-100 см) тік, жалтырауық-сары пиязшықтан өрбіген, пиязшықтың диаметрі 2-4 см. Сабақтың орта тұсындағы жапырақтар тостағанша тәрізді бірнеше жерге шоғырланған, кең-ланцетті. Соңғы шашақтағы гүлдер жатаған гүлтұғырында, саны 3-10. Гүлсерігі құйғы тәрізді қоңыраулы, ашық-қошқыл, күңгірт-қоңыр дақты. Қорапша алты қырлы, өткір қабырғалы, үш ұялы, тұқым саны көп тегіс. Тұқыммен және вегетативті түрде көбейеді. Маусым-шілдеде гүлдейді, қыркүйекте жеміс салады .

 

Таралуы. Алтай, Тарбағатай, Жетісу Алатауы (солтүстік беткей), Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары (ареалының оңтүстік шегі). Қазақстаннан тыс: Батыс Еуропа, Балқан, Сібір, Солтүстік Моңғолия .

Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану орындары. Түр парк аумағында шектелген шағын ареалды ғана алып жатыр. Аманбөктер орманшылығы: Сарқан орманшы үйінен оң жақ қабақпен жоғары көтерілгенде ашық алаңқайларда сирек бір талдап кездеседі. Қарасырық шатқалында шекара заставасына баратын автокөлік жолдың бойында ашық алаңқайларда саны аз биотоптармен кездеседі. Сонымен қатар Кіші басқан шатқалында орманшы үйден біраз қашықтықта әртүрлі шөптесінді өсімдіктер мен бұталардың арасында шағын аумақты ала отырып әр жерден кездеседі. Киікбай шатқалында – N:45°26′33,0″, E:081°10′55,8″ h 1657 м шоғырланып бұталар арасында кездеседі. Басқан орманшылығы: Үлкен Басқан шатқалы, Қараүңгір шатқалына қарай (шекара заставасы) таулы беткейлерде аз мөлшерде кездеседі.

Ұлттық паркте түрдің таралуын шектейтін табиғи және антропогендік факторлар. Табиғи факторлар: популяция санының азаюы, өсімдіктердің генеративтік мүшелерінің жануарлармен желінуі, орман өрттері. Антропогендік факторлар: аумақтардың шаруашылық игеру, өсімдіктің гүлін гүл шоқтарына жинау, мал жаю, рекреация.

Ұлттық парк аумағында түрді сақтау үшін қажетті шаралар. 2016 жылдан бастап Сарқан шатқалында кездескен популяциясына мониторингтік бақылаулар жүргізіледі. Түрдің жағдайын тұрақты бақылау. Аманбөктер орманшылығында түрдің популяциясы шаруашылық қызмет жүргізуге бөлінген зонада кездеседі, сондықтан оның өсу орындарын шаруашылық қызметтен шектеу. Түрдің өсетін ареалдарын таралуын шектейтін факторлардан қорғау.