ВИТТРОК РАУҒАШЫ
Rheum wittrockii C.E. Lundstr.
Тарандар тұқымдастығы – Polygonaceae
Санаты: III категория. Саны кеміп бара жатқан ежелгі, реликт түр.
Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Тамыры жуан көпжылдық өсімдік. Сабағының биіктігі 1 м-ге жетеді. Жапырақтары ірі, жапырақ тақтасы жұмыртқатәрізді, үшбұрышты, жиегі толқынданған негізінде жүрек пішінді ұзындығы 35 см, ені 30 см-ге дейін. Гүлдері ұсақ, тығыз жіңішке гүлшоғырына жинақталған. Жемісі жұмыртқа пішінді, жіңішке ақшыл-қоңыр қанаттарымен. Мамырда гүлдеп, шілдеде жеміс береді. Тұқыммен көбейеді.
Таралуы. Батыс және Солтүстік Тянь-Шань, Жетісу Алатауда өседі. Қазақстаннан тыс: Памиро-Алай (Алай жотасы) .
Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану орындары. Ұлттық парк бойынша түр сирек кездеседі, үлкен аумаққа таралған, қалың қылқанды орман белдеуінен бастап биік таулы аймаққа дейін кездеседі. Ол шөптесін беткейлерде де жар тастар жарықтарында өседі.
Аманбөктер орманшылығы: Сарқан шатқалының тасты беткейлерінде т.д. 1500–1800 м биіктіктерде сиреп кездеседі, сонымен қатар Қарасырық өзенінің оң жақ жағалауының субальпі белдеуінде, тік жартасты беткейлер мен тау өзендерінің аңғарларында кездеседі. N:45°03,064′, E:079°57,934′ h 2851 м.
Басқан орманшылығы: Үлкен Басқан шатқалында орманшы үйі маңайында бұталар арасында сиреп кездеседі.
Чернов орманшылығы: Дудокал шатқалында биік шөпті шалғындарда кездеседі – N:45°28′03,2″, E:080°42′12,3″ h 2054 м.
Көкжар орманшылығы: Жылысай шатқалында әртүрлі-шөпті-тобылғылы қауымдастықта кездеседі – N:45°19′10,7″, E:080°38′08,09″ h 2604 м.
Үйгентас орманшылығы: Аттапқан шатқалы, Сегізбай асуының субальпі белдеуінде шағын түрде кездеседі, сондай-ақ Тентек өзенінің жоғарғы жағында да кездестірілді.
