НЕДЗВЕЦКИЙ АЛМАСЫ
Malus niedzwetzkyana Dieck. Раушангүлділер тұқымдастығы – Rosaceae
Санаты. I категория. Жойылып кету қаупі төніп тұрған түр.
Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Реликт түр. Биіктігі 5-8 м болатын, шар тәрізді ұшарбасты ксеромезофильді ағаш. Жапырақтары эллипт немесе кері-жұмыртқа пішінді, тығыз, жиегі ара тісті, қою-жасыл қызғылт реңді. Гүлінің диаметрі 3-5 см, қанық-қошқыл. Жемісі аса ірі емес, шар тәрізді, күлгін-қоюқызыл түсті, қызыл-таңқурайлы-қызғылт түсті жұмсағы болады. Тұқымдары қою-қоңыр түсті, қызыл күрең реңі бар. Ұзақ вегетациялы өсімдік. Сәуір-мамыр айларында гүлдеп, жемісі тамыз-қыркүйекте піседі. 6-8 жылдық кезінде көбеюге қабілетті болады. Тұқым арқылы немесе тамыр өскіндері арқылы көбейеді .
Таралуы. Жетісу Алатау, Қаратаудың шығыс бөлігінде Берқара шатқалы, Талас Алатауының сілемдерінде (Даубаба және Машат). Қазақстаннан тыс: Қытай .
Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану орындары. Түрдің таралуының санаулы ғана нүктелері белгілі.
Тополевка орманшылығы: Шолақ жота шатқалы – 4 дана, Көкжота шатқалы – 4 дана, Жаман Теректі – 1 дана.
Чернов орманшылығы: Крутое шатқалы – 2 дана.
Көкжар орманшылығы: Көкжар (Шұбар ағаш шатқалы) – 1 дана.
Ұлттық паркте түрдің таралуын шектейтін табиғи және антропогендік факторлар. Табиғи факторлар: популяцияның аздығы; орман өрттері. Антропогендік факторлар: өсу орындарында шаруашылық қызмет; заңсыз ағаш кесу.
Ұлттық парк аумағында түрді сақтау үшін қажетті шаралар. Мониторинг жүргізуді жалғастыру. Түрді қосымша зерттеу және нақтылау қажет. Түрді қорғау бойынша экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу, соның ішінде арнайы тақырыптық аншлагтарды орнату.
