| АЛАТАУ БӘЙШЕШЕГІ
Crocus alatavicus Regel et Semen. Санаты. II категория. Сирек кездесетін түр. Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Жоғары декоративті өсімдік, ғылым үшін және гүл өсірушілер үшін бағалы. Биіктігі 10-30 см болатын көпжылдық өсімдік. Шар тәрізді, жұқа түкті қабықты түйнегі бар. Сабағы жетілмеген. Жапырағының саны 6-9, таспа тәрізді, тегіс немесе аздап ұсақ түкті, ұзындығы 8-12 см, ұзын орап тұратын қынаптармен қоршалған. Гүлсерігі ақ, шақшаның сыртқы үлесі көкшілдеу түске боялған, ұзын түтікшелі. Ерте көктемде гүлдейді. Түйнек – пиязшықты геофит. Тұқымымен және вегетативті жолмен көбейеді . Таралуы. Жетісу, Іле, Кетмен-Теріскей, Қырғыз және Талас Алатауында, Сырдария Қаратауы. Қазақстаннан тыс: Орта Азия таулары . Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану Тау етегіндегі жазықтан бастап биік таулы жерлерге дейін, шыршалы, арша және алма ормандарында, шалғындарда, бұталы және дала беткейлерде де өседі, қолайсыз жағдайларда сиректеу кездеседі. Ғылыми қызметкерлер парк аумағында ең көп тараған орындарын бақылауға алды. Олар: Аманбөктер орманшылығы: Желдықарағай шатқалында жаппай өсу байқалады – N:45°12′46,28″, E:079°57′37,08″ h 1850 м. Басқан орманшылығы: Үлкен Басқан – N:45°13′15″, E:080°21′15″ h 1699 м, Баянбай – N:45°11′47,3″, E:080°01′55,9″ h 1500 м шатқалдарында үлкен жазықтарды алып доминант түрде кездеседі. Тополевка орманшылығы: Осиновая, Биесимас, Никонова Грива шатқалдарында биотоптармен өседі; Көкжар орманшылығы: Көктөбе шатқалында көп мөлшерде кездеседі – N:45°34′16,6″, E:080°50′37,6″ h 1760 м. Сондай-ақ, түр Екіаша, Аманбөктер, Тополевка, Лепсинск, Көкжар, Жыланды елді мекендердің тау етегіндегі жазықтарда өседі. Ұлттық паркте түрдің таралуын шектейтін табиғи және антропогендік факторлар. Табиғи факторлар: тұяқты жануарлармен өсімдікті таптау және тамыр жүйесін зақымдау. Антропогендік факторлар: гүлшоқтарға жаппай жинау, аумақтардың шаруашылық игеру нәтижесінде өсімдіктің шоғырлану жерлерінің бұзылуы.
|
