ҚЫСҚААТАЛЫҚ ҚЫЗҒАЛДАҚ
Tulipa brachystemon Regel.
Лалагүлділер тұқымдастығы – Liliaceae
Санаты. II категория. Сирек түр.
Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Шектеулі эндемик түр. Жоғары декоративті өсімдік, жеңіл хош иісті, сұрыптауда және мәдени жағдайда өсіруде маңызды. Пиязшықты көпжылдық, биіктігі 10–35 см. Пиязшығы жұмыртқа тәрізді, қара қоң тәрізді қабыршықтарымен. Сабағы жалаңаш, жоғарғы жағы қысқарған. Жапырағы көкшіл, жиегі болымсыз толқындаған, төменгі жапырақтары кең ланцетті, жоғарғылары таспа-ланцетті. Гүлдері жалғыз, кең ашылған. Гүлсерігінің топтамалары сары түсті ортасында алқызыл дақтарымен. Жемісі – ірі қорапша. Сәуір-мамырда гүлдейді, мамыр-маусымда жеміс салады. Тұқымымен және вегетативті түрде көбейеді .
Таралуы. Жетісу Алатауының батыс және оңтүстік-батыс сілемдері: Қотыр қайың тауында, Алтынемел жотасы .
Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану орындары. Түр барлық орманшылықтарда кездеседі. Сазды, тасты-қиыршықтас, көбінесе орта таулардың оңтүстік беткейлерінде өседі. Көбінесе Тополевка, Аманбөктер, Екіаша, Лепсі, Көкжар елді мекендерінің жанындағы жазықтықтарда кездеседі.
Аманбөктер орманшылығы: Киңбай шатқалы – N:45°14′25,0″; E:080°00′21,3″ h 1430 м, Кіші Басқан шатқалдарында сирек кездеседі.
Тополевка орманшылығы: Жаман Теректі шатқалында – N:45°20′42″, E:080°19′16″ h 1612 м далалы қауымдастықтарда және бұта өсінділерінде аздап, Осиновая, Шолақ жота және Көкжота орманшы үйлерінің маңайында сиреген популяциялары кездеседі.
Үйгентас орманшылығы: Арқанкерген шатқалында қиыршық тастақты жазықтықтарда кездестірілді.
Ұлттық паркте түрдің таралуын шектейтін табиғи және антропогендік факторлар. Табиғи факторлар: популяцияның аз саны. Антропогендік факторлар: шаруашылық қызмет (мал жаю, шөп шабу, жер жырту), гүл шоқтары үшін жинау.
