ЖАТАҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚ
Tulipa patens Aardh ex Schult. et Schult. fil.
Лалагүлділер тұқымдастығы – Liliaceae
Санаты. III категория. Сирек, саны азайған түр.
Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Декоративті. Көпжылдық пиязшықты өсімдік, биіктігі 10-25 см. Пиязшығы жұмыртқа тәрізді, қағаз тектес қоңыр қабақты. Жапырақ саны әдетте 2, таспа-ланцетті ені 5-7 см. Гүлдері дара, барынша ұсақ, нәзік хош иісті. Гүлсерігі ақ, қызғылт немесе бозғылт-күлгін, піскен кезде сары дақтар пайда болады, ұзындығы 30 мм-ге дейін. Қорапшасының ұзындығы 2,5 см-ге дейін. Өсімдіктің өсіп-өну кезеңі қысқа. Сәуірдің екінші жартысында-мамырда гүлдейді, маусым-шілдеде жеміс береді. Тұқымымен және вегетативті түрде көбейеді .
Таралуы. Орталық және Солтүстік Қазақстанда, Алтайдың оңтүстік-батыс бөлігінде. Қазақстаннан тыс: Украина, Ресейдің Еуропалық бөлігі .
Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану орындары. Түр парк аумағында сирек кездеседі. Орта таулардың далалық және қиыршық тасты тау беткейлерінде өседі. Сирек түрлерді зерттеу барысында ғылыми қызметкерлер келесі орындарды анықтады:
Аманбөктер орманшылығы: Аманбөктер а. маңайы (күзет аймағы) – N:45°17′065″, E:080°15′458″ h 1493 м.
Тополевка орманшылығы: Шолақ Жота, Никонова-Грива – N:45°22′41,5″, E:080°17′25,9″ h 1540 м шатқалдарында құрғақ тасты-қиыршықтасты алаңқайларда, сонымен қатар осы жердің күзет аймағында кездеседі.
Жаланаш орманшылығы: Қарашоқы шатқалы – N:45°18′031″, E:080°08′436″ h 1541 м.
Көкжар орманшылығы: Көктөбе шатқалының күзет аймағы N:45°34′17,5″, E:080°50′35,4″ h 1660 м.
Ұлттық паркте түрдің таралуын шектейтін табиғи және антропогендік факторлар. Табиғи факторлар: орман, дала өрттері. Антропогендік факторлар: түрдің саны адамның шаруашылық әрекетінің салдарынан азаюда: мал жаю, жер жырту, жергілікті тұрғындардың өсімдікті гүл шоғына жинауы.
