Сақалтай (лат. Gypaetus barbatus) — күндізгі жыртқыш құстар отрядының қаршығатәрізділер тұқымдасына жататын ірі құс.
Парк аумағының Қарасырық , Тастау шатқалдары Тентек өзендерінің бойы. Тұрқы 1,1 метрге, жайған қанаты 2,7 метрге жетеді, қанатының ұзындығы 72 — 93 см, салмағы 5 — 7 кг. Басы ақшыл не сарғылт, арқасы қаралау. Басқа жыртқыштардан ерекшелігі — тұмсығының екі жағында танау тесіктерін жауып тұратын қыл тәрізді қауырсын — “сақалының” болуы. Арқа тұсы қауырсындарының түсі ұзына бойы ақ теңбілдері бар қара-сұр, басы мен құрсақ жағындағы қауырсындарының түсі — ақсары не жирен. Сақалтайлар жеңіл, қалықтап ұшады. Сақалтай — отырықшы құс, ұясын қуыстарға, үңгірлерге салады. Құстардың шағылысуы қазан айында басталып, ақпан — наурызда ұяда 1 — 2 жұмыртқа пайда болады. Жұмыртқаларын аталығы мен аналығы 2 айға жуық кезектесіп басады, балапаны 3 айдан кейін қанаттанады. Өлексемен қоректенеді. Кейде тұяқты жануарлардың жас төлін, құс балапанын, тасбақаны аулайды. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
