Орақтұмсық (лат. Ibidorhyncha struthersii) – татреңтәрізділер отряды, қарала балшықшылар тұқымдасына жататын құс.Дене тұрқы 41 см, салмағы 300 г-дай, қанатының ұзындығы 22 – 25 см. Арқасы және жемсауы сұрғылт келеді, кеудесінде қара жолағы бар. Орақ тәрізді имек тұмсығы мен аяқтары қызыл түсті. Орақтұмсық – отырықшы құс. Жеке жұптары ұсақ тастар арасына шұңқырлап ұя салады. 3 – 4 жұмыртқаны мекиені мен қоразы кезектесіп басып, балапандарын да бірігіп өргізеді. Негізінен ұсақ балықтармен және әр түрлі омыртқасыздармен қоректенеді. Өте сирек кездесетін құс болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Мекендейтін жерлері Үлкен Басқан, Үйгентас шатқалдары және Тентек өзені бойы, Лепсы өзені бойы.