2026 жылғы 28–29 мамыр күндері аралығында Жетісу облысының аумағында азаматтық қорғау жүйесінің барлық қызметтерін жұмылдыра отырып, өрт қауіпті кезеңде табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою бағытында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Аталған оқу-жаттығу аясында Сарқан ауданы аумағында «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен табиғи өрттерді жою бойынша тактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – орман алқаптарында туындауы мүмкін табиғи өрттерді сөндіру кезінде қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіру, жедел әрекет ету тиімділігін арттыру және Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық кіші жүйелерінің дайындық деңгейін нығайту.
Іс-шара барысында шартты табиғи өрт ошақтарын оқшаулау, өртті сөндіру, күш-құралдарды үйлестіру және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету алгоритмдері пысықталды.