📌 1 мамыр күні Жетісу өңірінде өткен «Сиверс алма ағашының гүлденуіне» арналған фестиваль аясында маңызды халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Сиверс алмасы – табиғи мұра және экологиялық туризм әлеуеті» тақырыбындағы бұл басқосу табиғат пен туризмнің өзара байланысын терең талқылауға мүмкіндік берді. Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, туризм индустриясының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардан келген сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген мамандар мен ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі жиынның маңызын арттыра түсті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері де қатысып, саланың даму бағыттары мен экотуризм әлеуетін ілгерілету бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Бұл конференция Жетісу өңірінің табиғи байлығын әлемге танытуға, экотуризмнің жаңа бағыттарын дамытуға және Сиверс алмасының бірегейлігін сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының ғимараты жанында ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылып, өңірдің жасыл аймағын кеңейтуге және экологиялық мәдениетті насихаттауға үлес қосылды.



















