Skip to content
Жаңалықтар “Сиверс алма ағашынының гүлденуі” фестивалі

“Сиверс алма ағашынының гүлденуі” фестивалі

  • by

2026 жылдың 2 мамырында Жетісу өңірінің көркем табиғат қойнауында — Сарқан ауданына қарасты Тополевка ауылы маңындағы «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде табиғаттың ең нәзік әрі әсерлі сәттерінің бірі – Сиверс алма ағашының гүлденуіне арналған ерекше фестиваль жоғары деңгейде өтті.

Бұл мереке тек табиғатты тамашалау емес, тұтас бір өңірдің рухын сезінуге мүмкіндік беретін ауқымды мәдени-туристік оқиғаға айналды. Фестивальдің басты мақсаты – Жетісудың табиғи байлығын таныту, экологиялық туризмді дамыту және әлемдік маңызы бар Сиверс жабайы алмасын қорғау мәдениетін қалыптастыру.

Жетісу – адамзатқа таныс барлық мәдени алма сорттарының бастауы саналатын Сиверс алмасының алтын бесігі. Ғалымдардың дерегінше, осы бірегей жемістің әлемдік табиғи қорының шамамен 48 пайызы дәл осы өңірде шоғырланған. Бұл — табиғаттың Жетісуға сыйлаған баға жетпес мұрасы.

Фестиваль қонақтары гүлге оранған алма бақтарының арасында серуендеп, табиғаттың сұлулығымен үндескен ерекше атмосфераны сезінді. Pleinair форматындағы суретшілер байқауы, ұлттық спорт ойындары, қолөнер көрмелері, шеберлік сабақтары мен концерттік бағдарламалар — бәрі де мерекенің мазмұнын байыта түсті.

Халықаралық шығармашылық жоба фестивальдің айрықша бөлігі болды. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Қазақстаннан келген суретшілер Жетісудың көркем табиғатын өз туындыларында бейнелеп, мәдени диалог пен өнер арқылы табиғи мұраны дәріптеуге үлес қосты.

Фестивальдің шырайын танымал қазақстандық Bayansulu мен Қуандық Рахымның әсерлі өнерлері аша түсті.

Бұл фестиваль Жетісу өңірінің туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытып, оның табиғи ерекшеліктеріне деген қызығушылықты арттыра түсті. Осындай мазмұнды шаралар аймақтың тартымдылығын күшейтіп, ішкі және халықаралық туризмнің дамуына серпін береді, сондай-ақ Жетісудың бірегей келбетін жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік ашады.