Әлеуметтік желілерде «Қонақ үйге аюдың кіруі» туралы таралып жатқан ақпаратқа байланысты, «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ (бұдан әрі – ұлттық парк) төмендегіні хабарлайды:
Аталған жағдай биылғы жылдың мамыр айының алғашқы онкүндігінде ұлттық парк аумағындағы Аттапқан шатқалында, ұзақ мерзімді келісімшарт негізінде табиғат пайдаланушы болып табылатын «ОРХ Табиғат» ЖШС-нің қонақ үйінде тіркелді.
Ұлттық парктің бұл шатқалындағы туристік маусым ұзаққа созылмайды және ауа райы жағдайына байланысты маусымнан қыркүйекке дейінгі 3–4 ай аралығын қамтиды. Оқиға орын алған сәтте қонақ үйде туристер болмаған.
Тянь-Шань қоңыр аюы – ұлттық парк аумағында мекендейтін, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және қорғауды қажет ететін жануар. Осыған байланысты парк қызметкерлері олардың таралу аймағын бақылау, санын есепке алу, сондай-ақ қорғау және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Табиғатынан бұл аң өте сақ әрі үркек келеді, адамнан әрдайым бойын аулақ ұстайды және қызығушылық танытпайды. Адамға агрессивті мінез-құлық көрсетуі немесе шабуыл жасау фактілері тіркелмеген. Қонақ үйге оны азық-түлік иісі, соның ішінде ұзақ сақталатын тағамдардың иісі тартуы мүмкін. Себебі аюлардың иіс сезу қабілеті көптеген жануарларға қарағанда бірнеше есе жоғары.
2025 жылғы есептік іс-шаралардың қорытындысы бойынша парк аумағында шамамен 300 аю тіркелген. Тянь-Шань қоңыр аюын қорғауға бағытталған рейдтік іс-шаралар олардың санының артуына оң әсерін тигізіп отыр.