Жетісудың інжу-маржаны — Сарқан ауданы, Тополевка ауылында дүниежүзілік алманың атасы саналатын Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған айтулы фестиваль жоғары деңгейде аталып өтілді.
Табиғат пен мәдениетті тоғыстырған бұл шара тау туризмін жаңғыртуға және өңірдің бірегей экологиялық брендін қалыптастыруға бағытталып, облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың Жетісу өңірінде туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асуда.
Салтанатты жиынның ашылуында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Қапашұлы Көлбаев құттықтау сөз сөйлеп, бұл бастаманың өлке экономикасы мен туризмі үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Ауқымды шараға 7 мыңға жуық қонақ жиналып, оның ішінде 50-ден астам танымал блогерлер мен БАҚ өкілдері мерекенің ақпараттық аясын кеңейтті. Фестиваль аясында халықаралық деңгейдегі қылқалам шеберлері бір апта бойы Жоңғар Алатауының асқақ бейнесін кенепке түсіріп, өз туындыларын көрмеге ұсынды.
Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылып, қонақтар баггимен тау етегін аралап, қазақ күресі, асық ату, аударыспақ және арқан тартыс сынды ұлттық спорт ойындарының куәсі болды.
Шара қорытындысында аудан әкімі Ғалымжан Қанатұлы Маманбаев сөз сөйлеп, алыстан ат терлетіп келген қонақтар мен фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барша қатысушыларға алғысын білдірді.
Кеш соңы эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым мен Баянсұлудың әсем әндерімен ұласып, жиналған қауымға ұмытылмас әсер сыйлады. Бұл фестиваль — ата-бабамыздан қалған табиғи мұраны қадірлеудің және Жетісудың туристік әлеуетін әлемге танытудың жарқын үлгісіне айналды.