«Парктер шеруі – 2026» халықаралық табиғатты қорғау акциясы және 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында ұлттық парк қызметкерлері студенттер мен еріктілер арасында «Табиғатты бірге қорғайық!» атты экологиялық квест ұйымдастырды.
Іс-шараның ашылу салтанатында ұлттық парктің бас директоры Кабиев Марат Нұрғазыұлы экологтарды кәсіби мерекелерімен және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтап, табиғатты қорғау ісіне үлес қосып жүрген жас орманшылар мен еріктілердің белсенді еңбегін ерекше атап өтті.
Шараның басты мақсаты – жастардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру және экологиялық білімдерін кеңейту.
Іс-шараға Сарқан политехникалық колледжі мен көпсалалы колледж студенттері, сондай-ақ «Sarqan jastary» орталығының еріктілері қатысты.
Квест барысында қатысушылар табиғат қорғау тақырыбындағы түрлі тапсырмаларды орындап, білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Сонымен қатар мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, экологиялық ойындар мен танымдық сайыстар өткізілді.