📒 Сиверс алмасының зиянкес жәндіктері туралы жаңа монография 🍎🐛
Зоология институтының ғалым-хатшысы, аға ғылыми қызметкері PhD Гүлжанат Бақытқызы Танабекова «Іле және Жетісу Алатауындағы Сиверс алмасының зиянкес жәндіктері» атты жаңа монографиясын таныстырды.
Бұл ғылыми еңбек Қазақстанның бірегей табиғи мұрасы – Сиверс алмасының (Malus sieversii) табиғи популяцияларымен байланысты жәндіктерді көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде жарық көрді.
📖 Монографияда не қамтылған?
• Сиверс алмасының зиянкес жәндіктерінің аннотацияланған тізімі;
• олардың экологиялық ерекшеліктері мен трофикалық байланыстары туралы мәліметтер;
• зиянкестердің аса маңызды түрлері туралы деректер;
• негізгі түрлердің таралуы мен әсер ету аумағы көрсетілген карталар;
• әлеуетті инвазиялық түр – алма зерқоңызы (Agrilus mali) туралы ақпарат;
• жәндіктердің Сиверс алмасының табиғи популяцияларына кері әсерін азайтуға бағытталған практикалық ұсынымдар.
Монографияда алма ақшылкүйе көбелегі (Yponomeuta malinella), раушан жапырақ ширатқышы (Archips rosana) және долана жапырақ ширатқышы (Cacoecia crataegana) сияқты түрлердің биологиялық және экологиялық ерекшеліктеріне ерекше назар аударылған.
🔬 Зерттеуден – сақтауға дейін
Зерттеудің ғылыми ғана емес, практикалық маңызы да зор. Алынған мәліметтерді Сиверс алмасының табиғи популяцияларын сақтау шараларын әзірлеуде, сондай-ақ табиғатты қорғау, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларында пайдалануға болады.
📍 2026 жылғы 14 тамызда зерттеу нәтижелері мен жаңа монография Сиверс алмасын сақтау және Жетісудың тарихи-мәдени әрі табиғи мұрасына арналған Талдықорған қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда таныстырылды.
Монография AP14972741 «Іле және Жетісу Алатауындағы Сиверс алмасының жабайы популяцияларына зиян келтіретін жәндіктердің экологиялық және фаунистикалық ерекшеліктері» жобасының нәтижелері бойынша дайындалған.
Бұл еңбек іргелі зоологиялық зерттеулердің Қазақстанның бірегей табиғи мұрасын сақтаудың ғылыми негізін қалыптастыруға қалай ықпал ететінінің тағы бір айқын мысалы.

