| АҚШЫЛ СЕКПІЛГҮЛ
Fritillaria pallidiflora Schrenk Лалагүлділер тұқымдастығы – Liliaceae Санаты. II категория. Сирек түр. Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Перспективті декоратив. Пиязшықты көпжылдық өсімдік, биіктігі 15-40 см, дөңгеленген пиязшығының диаметрі 3,5 см-ге дейін. Жапырағы көкшіл, төменгілері кең-ланцетті, жоғарғылары тостағанша тәрізденіп жиі шоғырланған, таспалы, ланцетті, ілмешегі тік, гүл табынынан қысқа. Гүлі жалғыз немесе 2-6-ға дейін: жатаған шоққа жиналған. Гүлсерігі ірі, қоңыраулы, күлте жапырақтары сарғыш немесе ақшыл-жасыл, ішкі жағында күңгірт-қызыл дақтарымен шахматты суреті бар. Жемісі кең қанатты қорапша. Мамырдың аяғы-маусымда гүлдейді, шілдеде жеміс береді . Таралуы. Жетісу Алатауы (Алтын Емел жотасы, Борохудзыр Кіші Үсек өзендері аңғарында, Көксу өзен шатқалдарының солтүстігінде), Тарбағатай жотасы. Қазақстаннан тыс: Қытай (Құлжа) . Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану орындары. Ұлттық парктің аумағында популяцияның саны әр алуан болып кездеседі, көбінесе ол доминант құрады, кейбір таралу аумағында үлкен аумақтарды да алып жатыр. Теңіз деңгейінен 1600-2800 м биіктікте таулардың орта және жоғарғы шалғынды белдеуінде өседі, бұталар мен төсемелі аршалардың арасында да кездеседі. Аманбөктер орманшылығы: Киікбай шатқалының жазықтарында, Сарқан шатқалының шалғынды беткейлерінде – N:45°11′766″, E:080°02′025″ h 1557 м көптеп кездеседі, Қарасырық, Ақшұнақ, Бірмойын, Кіші Басқан шатқалдарының далаланған тау бөктерлерінде, бұталар мен төсемелі арша арасында көп кездеседі. Басқан орманшылығы: Үлкен Басқан, Баянбай шатқалдарының таулы беткейлерінде аздаған популяциясы кездеседі. Жалаңаш орманшылығы: Төменгі Жасылкөл шатқалының субальпі белдеуінде және альпі белдеуінің төменгі жағында кездеседі – N:45°24′27,4″, E:080°34′15,8″ h 1528 м. Чернов орманшылығы: Крутое шатқалының алма ағаш орманының сиреген ашық алаңқайларында – N:45°33′25,2″, E:080°44′01,6″ h 1860 м, Черная речка – N:45°31′13,9″; E:080°43′44,9″ h 1674 м. Дудокал – N:45°27′50,4″, E:080°30′30,3″ h 2114 м шатқалдары субальпі белдеуінде және альпі белдеуінің төменгі жағында көптеген популяциялармен кездеседі. Көкжар орманшылығы: Көкжар шатқалының таулы беткейлерінде, Көктөбе шатқалының (күзету аумағы) – N:45°33′59,3″, E:080°50′39,2″ h 1762 м тасты беткейлерінде кездеседі. Үйгентас орманшылығы: Аттапқан – N:45°33′522″, E:080°44′102″ h 1560 м, Кепелі шатқалдарында аз мөлшерде кездеседі. Ұлттық паркте түрдің таралуын шектейтін табиғи және антропогендік факторлар. Табиғи факторлар: орман, дала өрттері. Антропогендік факторлар: өсу орындарында шаруашылық қызмет (ретсіз мал жаю нәтижесінде топырақтың тығыздалуы, жер жырту, шөп шабу), гүлді өсімдіктерді жинау және дәріге шикізат үшін тамырсабақтарды қазу. Ұлттық парк аумағында түрді сақтау үшін қажетті шаралар. Түрдің кейбір таралған орталары шаруашылық қызмет аймағында орналасқан, сол себепті санының азаю қаупі бар. Таралу орындарының айналасында күзет аймағын құру ұсынылады.
|
