Тазқара (лат. Aegypius monachus) — жыртқыш құс, қаршыға тұқымдасына жатады.
Парк аумағында мекендейтін құстардың бірі. Мекендейтін жерлері Қарасырық, Тастау , Арқанкерген шатқалдары.Тазқара — қанаттары 250-295 см болатын қаршыға тұқымдас құстардың ірі өкілі. Ұрғашылары еркектерінен сәл үлкенірек және салмағы ауыр, ұзындығы 104-112 см, салмағы 7,5-12,5 кг, ал еркектері ұзындығы 102-107 см, салмағы 7-11,5 кг. Басының төбесі және бүйірлері ақшыл немесе ашық қоңыр түсті мамық өскен. Көз айналасындағы қауырсындары қара-қоңыр түсті және дененің алдыңғы жағына және тамаққа дейін жалғасады. Тамағында жіп тәрізді сұр-қоңыр қауырсындар өскен. Бет терісі мен жалаңаш тері аймақтары көкшіл. Денесі мен қанаттарының үстіңгі бөліктері қара қоңыр, құйрық асты жамылғысы бозғылт сұр. Құйрығы қара. Қанатының қауырсындары және қанат астындағы жамылғылар қара түсті, сыртқы жиектері қоңыр немесе күлгін-қола түсті. Аяқтары ақшыл-сұр. Тұмсығы қара-сұр түсті және сүйір, төмен иілген. Тазқараның мойынының бүйірлері мен артқы жағы қауырсынсыз, мұндағы тері бозғылт қызғылт реңге ие. Жаңа туылған балапандары алдымен сарғыш мамықпен жұмыртқадан шығады, содан кейін ол сұр мамыққа ауысады. Бір жарым айдан кейін алғашқы қауырсындар пайда болады.
