Түркістан сілеусіні(лат. Lynx lynx isabellinus) – мысықтәрізділер тұқымдасының сілеусін туысына жататын жыртқыш сүтқоректі. Бір жерде тұрақты тіршілік етеді, бірақ қар қалың түсіп, азық қоры жетіспегенде маусымдық қоныс аударады. Тіршілігі Қараңғы түсе түнде өтеді. Күйлеуі – ақпан-наурыз айларында. 67-74 күндей буаз болады, 2-3 өсім береді. Жыныстық жағынан өмірінің екінші жылының аяғында жетіледі. Негізгі қоректері – қояндар, ұсақ кеміргіштер, суырлар, еліктер, жабайы шошқалар мен таутекелердің талалары, сирек құстар мен үй жануарлары. Негізгі жаулары мен бәсекелестері – қасқыр мен барыс. Қолда өсіру хайуанаттар парктерінде сақталады және көбейеді. Мекендейтін жерлері Сарқан, Қарасырық, Киікбай, Ақшұнақ, Кіші Басқан, Үлкен Басқан шатқалдары.
