| ТЯНЬ-ШАНЬ ЖАНАРГҮЛ
Adonis tianschanica (Adolf) Lipsch. Санаты. III категория. Саны азайып бара жатқан түр. Биологиялық ерекшеліктері мен қысқаша сипаттамасы. Биіктігі 40 см-ге жететін көпжылдық шөптесін өсімдік. Сабақтағы төменгі жапырақтары сағақсыз, қауырсынды тілімделген немесе қауырсын салалы. Гүлдері жалқы, диаметрі 5 см-дей, күлтелері ашық-сары, ал тостаған жапырақшалары ашық сары. Жемісшоғыры шар тәрізді, иілген, жемісшелері ілгек-тәрізді тұмсықшалы. Тұқыммен көбейеді. Мамыр-маусымда гүлдеп, маусым-шілдеде жеміс береді . Таралуы. Жетісу, Іле, Қырғыз, Күнгей, Теріскей Алатауы. Қазақстаннан тыс: Орталық Тянь-Шань (Джумголтау, Узун-Ахмат) . Ұлттық парктегі таралуы мен шоғырлану орындары. Парк аумағында теңіз деңгейінен 1100-1300 м биіктікте аласа-шөпті далаланған шалғындықтарда өте аз көлемде таралуы белгілі. Аманбөктер орманшылығы: Кіші Басқан, Сарқан, Киікбай шатқалдарында шашыраңқы түрде кездеседі; Лепсі орманшылығы: субальпі белдеулерінде сирек кездеседі. Үйгентас орманшылығы: Шымбұлақ шатқалында шалғын далалар алаңқайларында әртүрлі-шөптідақылды қауымдастықта сирек дара болып кездеседі. Ұлттық паркте түрдің таралуын шектейтін табиғи және антропогендік факторлар. Табиғи факторлар: популяцияның аз саны, дала өрті. Антропогендік факторлар: шаруашылық қызмет, қарқынды мал жаю, рекреация, гүлдерін гүлшоқтары үшін жинау. Ұлттық парк аумағында түрді сақтау үшін қажетті шаралар. Түрдің саны аз, сондықтан таралу аумағында тұрақты бақылауды қажет етеді. Таралу аумақтарын қорғау, жаңа таралу аумақтарын іздеу.
|
