2025 жылы 29 сәуірде «Жоңғар Алатауымемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» 15 жылдығына арналған «Сиверс алмасы. Қазіргі жағдайы, мәселелері мен зерттеулердің маңыздылығы» атты Қазақстан аумағында биоәртүрлілікті сақтау мәселелерін қамтуға бағытталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Іс-шара аудандық мәдениет үйінен бастау алды. Құттықтау сөзін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төраға орынбасары Құтпанбаев Е.Н. білдірді. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу институттарының басшылары, Қазақстанның ғылыми-зерттеу институт мамандары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басшылары, БАҚ өкілдері, аудан әкімшілігі, Қазақстан туризм ассоциациясы жәнет.б. өз тілектерін білдіріп, іс-шара концерттік бағдарламамен өз мәресіне жетті.
Конференцияның басты мақсаты – Жоңғар Алатауы аумағындағы биологиялық әртүрлілік, оның ішінде ерекше назарға ие Сиверс алмасын сақтау, зерттеумен қалпына келтіру жолдарын талқылау.
Сиверс алмасы – Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілген құнды өсімдік түрі. Жабайы алма ормандары ұлттық парк аумағының 1,05% алып жатыр және жаһандық маңызы бар генетикалық ресурс болып есептеледі.